🔰 Бүгін Орал қаласы бойынша мектеп түлектерінің ата-аналарымен кездесу өткізілді. Кездесуде оқу жылының аяқталуына орай өткізілетін салтанатты жиындардың ұйымдастырылуы, балалардың қауіпсіздігі мәселесі бойынша түсінік жүргізілді. Бұл жиынға БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары С.Темірғалиева, Орал қаласы прокуратурасының прокуроры Е.Нұрбол, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Б.Хайруллин арнайы қатысты.
Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы А.Темірханова ата-аналарға арнаған сөзінде оқушылардың емтихандардан сәтті өтулеріне тілектестігін білдіріп, салтанатты аттестат алудан кейін түлектерге арналған кешті артық шығындарсыз өздерінің алтын ұя мектептерінде шағын түрде ұйымдастыруды ұсынды. Өмірдің жаңа белесіне аттанғалы тұрған балаларға қаржыны мақсатты пайдалануда, керексіз нәрселерге жұмсамауда үлгі көрсетудің маңызын атады.
Білім ұйымдары жан басына шаққандағы қаржыландырудың енгізілуі арқылы қажетті жабдықтарды бюджет есебінен алып отырғанын, мұғалімдердің де материалдақ жағдайын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан тиісті көтермелеулер жүзеге асырылып жатқанын қаперге салып, мектепке, мұғалімге сыйлық ұсынбауды, егер сыйлық берілген жағдайда мұғалімге және сол мектептің басшылығына шара қолданылатынын ескертті.
БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева оқу жылының аяқталуына байланысты емтихандар, аттестат табыстау шараларының ұйымдастырылуы туралы айта келіп, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, өз мектебін ардақтауға бағытталған жұмыстарды мектеп пен ата-ананың келісімді түрде жүргізуінің мәні зор екенін жеткізді. Сонымен қатар қазіргі түлектері болашақта табысты өзі табатындай дәрежеге жеткенде ғана мектебіне тарту жасауды ұйғарса, құп алынатынын атап өтті. Бұдан бөлек, жазғы лагерь жұмысы, «Жазғы мектептің» бағдарламасымен таныстырды.